Жаңа басшы БҚО әкімдігінде өткен облыс активінде таныстырылды.
Әділхан Сабыров Нұрлан Қыдырбаевты алмастырды. Ол 2022 жылдың наурызынан бері аталмыш департаменттің басшысы қызметін атқарған еді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен алынған мәліметке қарағанда, Ә.Сабыров 1983 жылы 4 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген.
Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Алматы заң академиясын 2005 жылы құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Сондай-ақ 2021 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған, мемлекеттік және жергілікті басқару бойынша академиялық дәреже берілді.
"Ерлігі үшін" медалімен марапатталған.
2005-2018 жылдар аралығында прокуратура органдарында түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.
2018-2019 жылдары – Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті тергеу басқармасының басшысы.
2019-2022 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.
2022 жылғы тамыздан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Абай облысы бойынша департаментінің басшысы болды.