Батыс Қазақстан облысының тұрғыны 170-тен астам киік мүйізімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталаған факті 28 ақпанда тіркеліпті. 26 жастағы жүргізуші Орал қаласына қарасты Круглоозерный кенті тұсында ұсталған. БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұсталған жігіттің көлігінен үш жол сөмкесіне салынған 126 дана киік мүйізі табылған. Сондай-ақ оның мекенжайын тексеру барысында 48 мүйіз тәркіленген.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 399-1-бабы 1-бөлігіне сәйкес (сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар, сонымен қатар пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер немесе жануарлар және олардың дериваттарын заңсыз пайдалану) тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл бап бойынша айыпты адам 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.