Threads қолданушысы Астана қаласындағы Қарқаралы тасжолының бойында көліктердің бірі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны туралы жазба жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жол жиегімен жүріп, міндеттеуші жол белгілерінің талаптарын сақтамады. Маневр жасап, апаттық жағдай туғызды, сондай-ақ қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетті", – делінген жазбада.
Кейін көліктің иесі танымал блогер Айтым Жақыпов екені белгілі болды. Ол публикацияның астына пікір қалдырған.
"Шынымен де қатты асығып бара жаттым. Келтірілген қолайсыздықтар үшін шын жүректен кешірім сұраймын", – деп жазды ол.
Астана қаласының Полиция департаменті аталған дерекке қатысты түсінік берді.
"Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Mercedes-Benz маркалы көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін бұзғаны бейнеленген видео анықталды.
Жүргізушінің жеке басы анықталды. 34 жастағы азамат жол белгілерінің талаптарын сақтамағаны, қарсы бағытта қозғалу ережесін бұзғаны және маневр жасау қағидаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.