Блогер Ерболат Жанабылов әйелімен арадағы жанжалдан кейін қамауға алынды

495

Іс материалдары сотқа жіберілді. 

Блогер Ерболат Жанабылов әйелімен арадағы жанжалдан кейін қамауға алынды Фото: instagram.com/zhanabylov_e

Астанада блогер Ерболат Жанабылов отбасындағы жанжалдан кейін уақытша ұстау бөлмесіне қамалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Күні кеше Эльмира Төлегенова әлеуметтік желідегі парақшасында отбасында болған жағдайға байланысты видео жариялады. Ол киім бөлмесінде есікті ішінен жауып, бейнежазба түсіргенін айтты. Кейін бұл видео оның парақшасынан өшірілді. Алайда ол желіге тарап үлгерді. Көп ұзамай блогер бірнеше сторис жариялап, қазір ажырасу процесі жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл ретте Ерболат Жанабылов оған қол көтермегенін айтты.

Астана қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша, блогер Ерболат Жанабылов жұбайымен отбасылық жанжалдан кейін жауапқа тартылды.

"30 қыркүйек күні полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Threads желісіндегі жазбаны анықтады. Онда блогер Э.Т.-ның жұбайы Е.Ж.-мен болған жанжалға қатысты бейнеүндеу жарияланған. Видеода әйел жанжалдың мән-жайын айтып, қолындағы қызарған іздерді көрсетеді. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Тексеру барысында ерлі-зайыптылар арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал болғаны анықталды. Бұл ретте Э.Т. полицияға арыз жазудан бас тартты", – деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.

Ерболат Жанабыловқа отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін әкімшілік хаттама толтырылған. 

"Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Іс материалдары сотқа жіберілді. 28 тамызда ер адам пробациялық бақылау талаптарын бұзған. Ол сағат 22:00-ден кейін көрсетілген мекенжайында болмаған. Бұл факт бойынша да материалдар сотқа жолданды", – деп атап өтті полиция.

Айта кету керек, бұған дейін атышулы блогерлер Жанабыловтар сотталғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу