Қаржы пирамидасын құрып, оны жарнамалағаны үшін жауапқа тартылған белгілі блогерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Павлодар облысындағы түзету мекемесіне ауыстырылды, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, екеуі де Павлодар облысындағы №44 түзету мекемесінде жазасын өтуде. Ал 13 наурыздан бастап сотталған блогерлер "Еңбек-Павлодар" кәсіпорнына жұмысқа орналасты. Аталмыш мекеме жазасын өтеушілердің темір тордың ар жағында еңбек етуіне мүмкіндік береді. Комитеттің мәліметінше, сотталушылар бұл уақытқа дейін қандай да бір ескерту де, мадақтау да алған жоқ.
Еске сала кетейік, Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов өткен жылы бес жылға сотталған болатын. Күдіктілер сапында болған өзге азаматтар 8 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олар жәбірленушілерге 1 млрд 861 млн 752 мың 441 теңге қайтаруға да міндеттелді. Осы жылдың ақпан айында Алматы соты аппеляциялық өтінішті қанағаттандырған жоқ. Яғни, жаза өзгерген жоқ.
Бүгінде блогерлер жазасын өтеп жатқан Павлодардағы №44 түзету мекемесінде барлығы 400-ден астам сотталған азамат бар. Оның ішінде 300-ден астамы жұмысқа орналасқан. Олар 25 кәсіпорында еңбек етеді.
Мұндай тәжірибе тек төмен қауіпсіздіктегі мекемелерде бар. Яғни, қоғамға қаупі жоқ жазасын өтеушілердің ғана түзету мекемесімен келісімшарт жасаған кәсіпорындарда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.