АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланың мұнай саласына айрықша назар аударып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, америкалық мұнай компаниялары елдегі мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіруге қомақты қаржы салуға дайын. Ал The Wall Street Journal басылымының жазуынша, қазіргі уақытта Марко Рубио, ішкі қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Стивен Миллер және қорғаныс министрі Пит Хегсет Венесуэланы басқарудың болашақ моделін әзірлеумен айналысуда.
Бұған дейін Венесуэланың Жоғарғы соты елдің бұрынғы атқарушы вице-президенті Делси Родригесті уақытша президент етіп тағайындаған. Сот бұл шешімді 2026 жылғы 3 қаңтарда болған шетелдік әскери әрекеттермен және мемлекеттік басқарудың үздіксіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірді.
Делси Родригес уақытша мемлекет басшысы қызметін атқаруға дайын екенін білдіргенімен, көп ұзамай Николас Мадуроға адалдығын мәлімдеп, оны Венесуэланың жалғыз президенті деп атады. Ал Дональд Трамптың айтуынша, АҚШ Венесуэлада биліктің "қауіпсіз әрі реттелген" ауысуы жүзеге асқанға дейін елдегі жағдайды бақылауда ұстайды.