Колумбия астанасында ереуілшілер үкіметтік ғимараттарға баса-көктеп кірмекші болды. Сонымен қатар олар қаладағы бірнеше автобус станцияларына да шабуыл жасаған.
Ресми дерек бойынша, бүлікшілер Ұлттық конгресс, Богота мэриясы және әділет сот сарайына тас лақтырып, 10 шақты қоқыс тастайтын контейнерді өртеп жіберген.
Бас көтерулер басылар емес. Қазір қаланың бірқатар аудандарында ереуілшілер мен тәртіп сақшылары арасындағы қақтығыс әлі де жалғасып жатыр.
Толқулар бейсенбі күні басталып, елдің біраз қаласын шарпыған. Жергілікті халық ел президенті Иван Дукенің жүргізіп отырған әлеуметтік және экономикалық саясатына наразы. Колумбияның Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, ереуілге бүкіл ел бойынша 207 мыңға жуық адам қатысқан.
Табиғат Нұрболат