Қазақстанның бокс федерациясының вице-президенті Юрий Цxайдың айтуынша, елімізде бокс мамандарын даярлайтын оқу орындар мен арнайы курстар болмаса да, әрбір бапкер төрешілерді сынай бермей, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап отыруы қажет. Сонда спортшылар да өседі. Қазақстан болса, үздік үштіктің биігіне шыға алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
"Біріншіден, оқу-жаттығу жиындары кезінде бапкерлердің де кәсіби шеберлігін ұштап отырған жөн. Оған арнайы мамандарды тартуға болады. Ал осы жұмыстың соңында аттестация өткізіп, үздік бапкерлерді іріктеп алу қажет. Дәл сол азаматтар ұлттық құрамаға тартылуы тиіс", - деді федерацияның бапкерлер штабымен жұмыс жөніндегі вице-президенті Юрий Цxай ұйымның жыл сайынғы конференциясында.
Оның ойынша, мықты боксшыларда жеке дайындық жоспары болуы шарт. Ал оқу-жаттығу жиындарының бір бөлігін шет елде өткізуге болады.
"Бұл жұмысқа шетелдік мамандарды тарту қажет. Сонда бапкерлер де, спортшылар да өседі. Гамбургта өткен Әлем чемпионатында біз жақсы өнер көрсеттік. Дегенмен, бұрынғы межеден аса алмадық. Ашығын айтайын, бір деңгейден шыға алмай, тоқтап қалдық. Бапкерлер өз дайындықтарын шыңдамайды. Содан жағдайымыз да өзгермейді. Үштікке іліну бір басқа, сол үштіктің алдыңғы шебіне шығу қажет. Ал бапкерлердің дайындығы көтерілсе, спортшылар да өсе түседі", - деп атап көрсетті Цxай.
Вице-президенттің айтуынша, бапкерлер қит етсе, бәрін төрешілікке, я болмаса, федерацияға жаба салады. Бүгінде бокс үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Соның бәрін пайдалану қажет.
"Мен біздің бапкерлерімізді қатты сыйлаймын. Бірақ сіздер кешегі күнмен өмір сүріп жатырсыздар. Мен рингтен біртума боксшыларды көргім келеді. Әртістің артынан қалай жүгірсе, барлығы соның артынан да солай жүгірсе екен деймін. Осыны жасауға дайын болсаңыздар, бірге жұмыс істейік. Ал дайын болмасаңыздар, басқаларға жол берейік", - деді Юрий Цxай.
Сондай-ақ, осы жиында Қазақстандағы бокс ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілгені жария етілді.