Бокс тарихындағы ең жылдам жеңіс тіркелді, деп хабарлайды kaz.vesti.kz.
АҚШ-тың Минеаполис қаласындағы Premier Boxing Champions турниріндегі жекпе-жектердің бірінде қызық жайт болды. Ауыр салмақта жұдырықтасатын америкалық Кертис Харпер (13-6, 9 KO) мен Нигериядан келген Ефе Аягбо (6-0, 5 KO) арасында болған жекпе-жек кезінде бокс тарихындағы ең жылдам жеңіс тіркелді.
Алты раундқа есептелген жекпе-жек әдеттегідей басталды. Боксшылар ринг ортасына шығып қолғаптарын түйістіріп, бұрыштарына оралған. Алайда жекпе-жектің басталғаны туралы белгі берілгенде Харпер рингтен түсіп, залдан шығып кеткен.
Осылайша, америкалық шеттетіліп, нигериялық боксшы жеңді деп есептелді.
Харпердің бұл әрекетінің себебі белгісіз. PBC тілшісінің ақпаратынша, боксшы "жекпе-жек үшін аз ақша төленіп, сыйластық танытылмағаны" үшін кетіп қалған.