Нұр-Сұлтанда бокстан Президент кубогінің үшінші жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Ерлер арасындағы бәсекеде 52 келіде бақ сынаған Азат Махметов өзбекстандық Фазылжан Абдумуродовтан 0:5 есебімен ұтылды. Осы салмақта сынға түскен Сәкен Бибосынов қытайлық боксшыны жарыс жолынан шығарса, көпшілік күтпеген нәтижені атыраулық Олжас Байниязов тіркеді. Ол Азия чемпионаты мен Азия ойындарының чемпионы, үндістандық Амиттен 3:2 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ, 52 келідегі тағы бір боксшымыз, шымкенттік Махмұт Сабырхан моңғолиялық қарсыласын 5:0 есебімен ұтты.
69 келідегі команда көшбасшысы Абылайхан Жүсіпов қырғызстандық Данияр Дамирдинұлын 5:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Жасөспірімдер олимпиадасының жүлдегері Талғат Шайкен жамбылдық Дулат Бекбауовтан басым түсті.
75 келідегі Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет қытайлық боксшыны 5:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.