Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері ауысты

759

Қазақстан бокс федерациясының ұсынысы бойынша бокстан ерлер мен әйелдер ұлттық құрамаларының жаңа бас бапкерлері бекітілді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері ауысты Фото: kfb.kz

Қазақстанның ерлер ұлттық құрамасына бапкерлікке Қайрат Сәтжанов келді. Ол бұл лауазымда 2018 жылдан бері команда тізгінінде жүрген Ғалымбек Кенжебаевты алмастырды.

"Осы уақыт ішінде біздің боксшыларымыз 2019 жылғы әлем чемпионатында 6 медаль (1/1/4) жеңіп алды. 2020 жылғы Азия іріктеу турнирінде Олимпиадалық лицензиялардың толық жиынтығын, 2021 жылғы Азия чемпионатында 5 күміс және 1 қола медаль алды. Кенжебаевтың басшылығымен өткен соңғы үлкен чемпионат – Токио-2020 Олимпиада ойындары болды. Жапония астанасында былғары қолғап шеберлері 2 қола медаль жеңіп алды", - деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясынан.

Қайрат Сәтжановтың 31 жылдық бапкерлік өтілі бар. Ол 2011 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде жас боксшылар Сәтжанов бастаған "Азия балалары" халықаралық ойындарының медальдық сынағын екі рет жеңіп алған (2012 ж. – 4/4/2, 2016 ж. – 4/4/3). Әлем чемпионаттарындағы ең мықты үштіктің қатарына екі рет кірді (2013 ж. – 2/1/5, 2015 ж. – 1/1/3), сондай-ақ Азия чемпионаттарында екі рет жеңіске жеткен (2013 ж. – 8/2/1, 2017 ж. - 8/2/2).

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасыныңда да ауыс-түйіс бар. Бас бапкерлікке мұнда еркімен кеткен Ерік Алғабектің орнына Шәміл Сафиуллин бекітілді. Алғабек команда тәлімгері қызметінде 2 жыл болған.

"Осы уақыт ішінде біздің команда 2019 жылғы әлем чемпионатында 2 қола медальға, 2020 жылғы Азия іріктеу турнирінде 1 олимпиадалық лицензияға ие болды. 2021 жылғы Азия чемпионатының командалық есебінде (8/1/1) жеңіске жетті", - делінген хабарламада.

Шәміл Сафиуллиннің бапкерлік еңбек өтілі – 25 жыл. Осы уақыт ішінде ол Қазақстанда да, шетелде де жұмыс істеп үлгерген. Әлем чемпионаттарының жүлдегерлерін, Азия чемпиондарын және Қазақстан чемпионатында бірнеше дүркін жеңімпаздарын дайындаған. 2018 жылдан бастап Шәміл Абдулбариұлы бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметінде еңбек еткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу