Астанада бокстан Қазақстан Президенті Кубогындағы дода өз мәресіне жақындап келеді. Халықаралық турнирдің финалдық жұптары анықталды деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясының ресми сайтына сілтеме жасаған opympic.kz.
Қыздар арасында 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Назым Қызайбайды жеңген Намики Цукуми финалда тайландтық Раксат Чутаматпен кездеседі.
60 келіге дейінгі салмақта биылғы Қазақстан чемпионы Римма Волосенко 2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Айжан Қожабековамен жолығады.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дариға Шәкімова Швеция өкілі Лав Хольгерссенмен алтын тағдырын шешеді.
49 келіге дейінгі салмақта Жомарт Ержан өзбестандық Олимпиада чемпионы Хасанбай Досматовты жеңген үнділік Лаллбиакким Нутлаиды жеңді. Финалда ол ресейлік Василий Егоровты тоқтатқан өзінің ежелгі қарсыласы Теміртас Жүсіповке қарсылық көрсетпек.
52 келіде Әнуар Мұзапаров филиппиндік боксшымен жұдырықтасады. Ал 56 келіде әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев пен Олимпиада чемпионы Шахобиддин Зоиров атындағы бәсеке өте тартысты өтті. Өте маңызды жекпе-жекте төрешілер Қайраттың қолын көтерді. Енді Ерәлиев жартылай финалда Ілияс Сүлейменовты ұтқан 20 жастағы америкалық Дэк Рэганмен кім мықтыны анықтайды.
60 келіде Ресей және Өзбекстан боксшылары финалдық жұпты құраса, 64 келіде қазақстандық Бекдәулет Ибрагимов пен өзбек боксшысы Икборжан Холдаров кездеседі.
69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов қабағының жарылып кеткеніне қарамастан, өзбекстандық Махмұт Гаиповты 4:0 есебімен ұтты. Финалды Абылайханды Асыланбек Шымбергенов күтеді.
75 келідегі Әбілхан Аманқұл Азия чемпионы, өзбекстандық Исмаил Мадримовты жеңіп, финалда Ерік Әлжановпен кездесетін болды. Ал осы салмақтағы өзбекстандық боксшы Бектемір Меликузиев финалда Бек Нұрмағамбетпен алтынға таласады.
Өкінішке қарай, 91 келі салмақта Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Василий Левит Ресей чемпионы Садам Магомедовтен ұтылып қалды. Финалда ол Абзал Құттыбекпен кездеседі.
Аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев пен ресейлік Максим Бабанин жұбы алтын тағдырын шешеді.