Болашақ ана болар қыздар да насыбайға әуес – Мәжіліс депутаты

413

Зиянды зат сауда орындарында еркін сатылады. 

Болашақ ана болар қыздар да насыбайға әуес – Мәжіліс депутаты  Фото: lada.kz

Депутат Жарқынбек Амантайұлы мектеп оқушыларының насыбай ататынын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда шектеу қойылғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылуда. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынуда. "Жевательный табак", "Снюс", "Шайба" деген атаулармен таралып жатыр", - деді мәжілісмен.

Ол насыбайдың жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат екенін жеткізді. 

"Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, тіпті болашақ ана болар қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Бұған қоса ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?! Кейбір деректерге сүйенсек, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен. Ең қауіптісі – оның құрамында қандай улы заттардың бар екенінің белгісіз болуы. Әдетте, оның құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады. Уытын арттыру үшін тауықтың саңғыры, түйенің тезегі де қосылады екен", - деді Жарқынбек Амантайұлы. 

Депутаттың дерегінше, мамандар насыбайға есірткі мен психотропты заттар да қосылатынын анықтаған. 

"Еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі", - деді Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу