Осыған дейін журналистердің "Болашақ" бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өте алатындығын жазған болатынбыз.
Конкурстық іріктеу 3 кезеңнен тұрады. Барлық кезең толығымен автоматтандырылған. Бірінші кезең – 3 сағат уақыт алатын кешенді тестілеу. Екіншісі – әңгімелесу кезеңі. Оның күні мен уақытын алдын ала брондауға болады.
"Әр үміткердің жеке кабинеті болады. Онда әрқайсына жеке код беріледі. Бұл код арқылы сіз әңгімелесу кезеңіне жіберілесіз. Барлығы анонимді түрде өтеді. Тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелері сіздің тегіңізді де білмейді. Осы екі кезеңнен кейін қорытынды шешімді республикалық комиссия қабылдайды", - деді Гүлзат Асанбаева.
Тағылымдама мерзімі - 1 айдан бастап 12 айға дейін.
"Сайтта шетелдік ЖОО-лардың бекітілген тізімі бар. Сол тізімнің ішінен немесе әлемдік деңгейде мойындалған ғылыми ұйымдар, салалық ұйымдардың бірін таңдауыңызға болады. Ешқандай да шектеу жоқ. Тағылымдамадан өту үшін өзіңіздің салаңыздағы кез келген ұйымды ұсына аласыз. Үміткерлер ұсынатын шақыртулар жеке тәртіпте қаралады, 2 күн ішінде жауап беріледі", - деді спикер.
Үміткердің қолында шетелдің жоғары оқу орындары немесе ұйымдарынан шақырту қағазы, қазақ тілін білу деңгейі туралы сертификат (В1-ден төмен емес) және тағылымданың бағдарламасы болу керек. Бұл бағдарламаның үлгісі "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ сайтында көрсетілген.
"Сол бойынша тағылымдаманың бағдарламасын толтырып, қабылдап жатқан ұйымыңыз бен жұмыс берушіңізбен бекітілуі керек. Сіздің жұмыс орныңыз сақталады. Сондықтан да жұмыс берушінің өтінімі қажет", - деді "Халықаралық бағдарламалар орталығының" өкілі.
Мемлекет стипендиаттың оқу ақысына, барып-қайту жолына, тұратын жеріне, тамақтануына, медициналық сақтандыруға және визаға кеткен шығындарын төлейді.
"Ағылшын тілінің деңгейі бойынша сертификатты талап етпейміз. Шақырып жатқан ұйым сізден сұратуы мүмкін. Бізге шақырту қағазымен келесіз", - деді спикер.
Тікелей эфир барысында спикерге тағылымдама стипендиясы қанша болады деген сұрақ қойылды.
"Әр елдегі шығындар әртүрлі. Ең азы 1500 доллардан басталады. Шығындардың қай елде қанша екендігі толығырақ сайтта көрсетілген", - деді Гүлзат Асанбаева.
Отбасымен баруға бола ма деген сұраққа тоқталсақ, мемлекет тек стипендиаттың шығынын ғана өтейді. Отбасыңызбен баратын болсаңыз, шығынды өз қаражатыңыздың есебінен төлейсіз деді спикер.
Бұдан бөлек тағылымдама аяқталғаннан кейін Қазақстанда 3 жыл жұмыс істеу қажет.