"Болашақ" бағдарламасы аясында атом энергетикасы саласына кадр даярлау күшейтіледі

79

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Болашақ" бағдарламасы аясында атом энергетикасы саласына кадр даярлау күшейтіледі Фото: akorda.kz

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында "Болашақ" бағдарламасын дамытуға қатысты бірқатар маңызды шешім қабылданды. Жиын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өтті. 

Отырыс барысында халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар конкурстарының тізбесі қаралды. Нәтижесінде аталған зияткерлік байқаулардың жеңімпаздарына "бакалавриат" бағыты бойынша "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткер болуға мүмкіндік беру ұсынылды. Тізбеге математика, физика, химия, биология және өзге де жалпы білім беретін пәндерден өтетін беделді халықаралық олимпиадаларды енгізу көзделіп отыр. Соңғы үш жылда осындай олимпиадаларда 76 қазақстандық оқушы жүлделі орындарға ие болған.

Сонымен қатар комиссия отырысында бағдарламаға жаңадан енгізілген "атом саласы қызметкерлері" санаты бойынша конкурстық іріктеуге қойылатын талаптар мен өлшемшарттар талқыланды. Бұл бағытта жоғары білікті мамандарды даярлау елдегі атом өнеркәсібін жүйелі әрі сапалы дамытуға серпін береді деп атап өтілді.

Жиын қорытындысында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығына "Болашақ" бағдарламасы аясындағы конкурстық іріктеу тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша нақты хаттамалық тапсырмалар жүктелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу