"Болашақ" бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау басталды

875

Магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламасы бойынша "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған жыл сайынғы конкурс басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz "Халықаралық бағдарламалар орталығына" сілтеме жасап.

"Болашақ" бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау басталды

Құжаттар 2021 жылғы 4 мамырдан бастап 28 қазанға дейін eGov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады. Стипендия үш кезеңде – маусым, тамыз және қараша айларында тағайындалады.

Биыл "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқу үшін 1055 стипендия бөлінді. Олардың ішінен 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдама бағдарламасы бойынша, ал 500 стипендия тағылымдамалардың жаңа "Ғалымдар" санаты бойынша бөлінді. Бұл санатты Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында бекітті.

2021 жылы стипендияның ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар жаңашылдық енгізілді. Осылайша, "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын жоғары оқу орындарының тізімі алғаш рет 3 жылға бекітілді. Бұл формат үміткерлерге "Болашақ" стипендиясын тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысуды жоспарлау мен дайындалуда қолайлы жағдай жасау
мақсатында енгізілді.

2021-2023 жылдарға арналған "Болашақ" бағдарламасы шеңберінде оқу үшін ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне екі және одан да көп академиялық рейтингтердің (QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education) топ-25 позициясына кіретін 27 елден 207 жоғары оқу орны кірді.

Биыл "Болашақ" бағдарламасы бойынша Басым мамандықтар тізбесі академиялық оқу үшін 80 мамандықты және тағылымдамадан өту үшін 137 мамандықты көздейді.

Осы жылы басым мамандықтар "Білім беру", "Медицина", "Инновациялар мен жаңа технологиялар", "Индустриалдық инженерия", "Жаратылыстану ғылымдары", "Әлеуметтік ғылымдар" және "Креативті индустрия" сияқты бағыттар бойынша бөлінді. 2021 жылы тізбеге "Инклюзивті білім беру", "Қашықтан білім беру әдістемесі мен әдіснамасы", "Эпидемиология", "Иммунология", "Вирусология", "Урбанистика", "Үлкен деректерді талдау", "Жаңа материалдар технологиясы", "Робот техникасы", "Өнеркәсіптік автоматтанлыру" секілді осындай өзекті мамандықтар енгізілді. Сонымен қатар, биылғы жылы басым мамандықтар тізбесінде экономиканың дамуына ықпал ететін инновациялық мамандықтарды біріктіретін "Инновациялар мен жаңа технологиялар", "Креативті индустрия" жаңа бағыттарының пайда болуы маңызды ерекшелік болып тұр. Бұл тізбе елдегі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып, мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдардың өтінімдері негізінде әзірленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу