"Болашақ" бағдарламасының 28 жылдығымен құттықтаймын. Бүгінде еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан "Болашақ" стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналып отыр", – деп жазды Асхат Аймағамбетов Фейсбуктегі парақшасында.
Министр бұл бағдарлама өз жемісін берді деп санайды. 28 жылдың ішінде 14 мыңнан астам қазақстандық әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болған.
"Бүгінде "Болашақ" түлектері түрлі салаларда еңбек етіп, ел дамуына елеулі үлес қосуда. Мәселен, 800-ге жуық стипендиат денсаулық сақтау саласында қызмет атқарады және жыл сайын ондаған мыңнан астам күрделі ота жасайды. Білім беру саласы үшін де 800-ден астам маман дайындалды. Олар әртүрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарында, оның ішінде ауылдық жерлерде де жұмыс істейді. Бағдарлама түлектері алған білімдерін іс жүзінде қолданып, ғылым, экономика, журналистика, мәдениет, инновациялар мен технологиялар, мемлекеттік басқару және басқа да секторлардың дамуына еңбек үлестерін қосып келеді", – дейді БҒМ басшысы.
Айта кетсек, бағдарлама Елбасының бастамасымен қолға алынған. Кейіннен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бағдарлама модернизацияланды.
"Аталған жаңғырту жұмыстары ашықтық деңгейін арттырып, барлық үміткер үшін тең жағдай жасауға, сонымен бірге конкурстық іріктеуді автоматтандыруға және меритократия қағидаттарын қолдауға бағытталған. Озық ғылыми технологияларды трансферттеу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл үшін ғалымдарға арналған тағылымдамалар жаңа санаты бекітілді", – деп қосты Асхат Аймағамбетов.