"2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері үшін шәкіртақы 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға өседі. Осылайша, оқытудың педагогикалық бағытында оқитын студенттер 58 мың теңгеден жоғары, басқа салаларда шамамен 37 мың теңге алады. Магистранттарға шәкіртақы 86 987 теңгеге, докторанттарға 195 000 теңгеге дейін көтеріледі", – деді спикер.
Вице-министр сондай-ақ Білім министрлігі жоғары білім беру жүйесіне оқытудың жаңа құралын енгізуді жоспарлап отырғанын айтты. Аталған формат онлайн оқытуға қатысты екенін де атап өтті.
"Елімізде алғашқы онлайн университеттер ашылады. Жалпы жоғары оқу орындарында оқуға берілетін гранттар саны 5 мыңға ұлғайтылып, оның 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінеді", – деді Қуаныш Ерғалиев.
Вице-министр ведомство қазірдің өзінде "Болашақ" бағдарламасын қайта бағдарлау және реформалау жұмыстарын бастағанын жеткізді.
Құралай Құдайберген