"Болашақ" бағдарламасы бойынша конкурсқа құжаттарды қабылдау 4 мамыр күні басталып, 28 қазанға дейін жалғасады. Стипендиялар үш кезеңде – маусым, тамыз және қараша айларында тағайындалады. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Вице-министрдің айтуынша, алғаш рет "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процестері толығымен автоматтандырылды.
"Үміткерге жеке кабинетінде бірегей код беріліп, ол барлық конкурстық іріктеу барысында пайдаланылады. Үміткердің жеке деректері де бірегей сәйкестендіру жүйесінің көмегімен кодталған. Байқаудағы іріктеу кезеңдерінің саны алтыдан үшке дейін қысқартылды. Іріктеу турлары кешенді тестілеу, тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен жеке әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында құжаттарды қарау кезеңдерін қамтиды", – деді ол.
Конкурстық іріктеуді жүргізу процестерін автоматтандыру Президенттік жастар кадр резервіне қабылдау тәжірибесі негізінде жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн.