"Болашақ" бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Осыдан үш ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма жүктеген еді. Оған аталған бағдарламамен мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде министрлердің жаппай шетел асып кетуі себеп болған. Осы күні билікте жүрген "Болашақтың" түлектері жетерлік.
Мысалы, кезінде Шымкент қаласының әкімі болған, қазірде ҚР премьер-министрінің кеңесшісі Ғабидолла Әбдірахымов, ҚР әділет министрі Марат Бекетаев, ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР мәдениет және спорт министрлігі комитетінің төрағасы, бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бар. Сондай-ақ, бірер күн бұрын ғана темір тордан босап шыққан бұрынғы ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, жемқорлық бойынша тергеуге алынып, жазадан босатылған ҚР білім және ғылым министрінің экс-орынбасары Эльмира Суханбердиева бар.
Бұл – біз білетіндері ғана. Қазір де "Болашақпен" білім алып жатқан шенеуніктер жетерлік. Осыған қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев: "Бұл – абсурд, мемлекеттік қызмет емес. Сабақтастық қайда? Президент әкімшілігі "Болашақ" бағдарламасының талаптарына өзгеріс енгізуі керек. Саяси қызметшілер өз білімін шыңдай алады. Бірақ онымен өз еркімен бос уақытта айналыссын. Оған мемлекет қаржысы жұмсалмауы қажет", – деген еді.
Содан бері үш ай өтті. Осы уақыт аралығында білім және ғылым министрлігі өзгерістер енгізіп үлгерді ме? Бұл сұраққа Atameken Business студиясына келген білім және ғылым министрлігінің өкілі – Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының міндетін атқарушы Эльмира Асан жауап берді: