Мысалы, ағылшын тілінде магистратураға түсушілер нәтижесі 9.0 - ден кем дегенде 6.0 IELTS, PBT 677- ден 498, IBT 120- дан 60 TOEFL сертификаттарын, тағылымдамадан өтушілер - IELTS 5.0, PBT-417, IBT-35 TOEFL, DET 75 сертификаттарын ұсынуға тиіс, деп жазады inbusiness.kz.
"Биыл "Болашақ" бағдарламасының конкурстық іріктеу ережелері жетілдірілді. Бұл шара кандидаттардың құрамын сапалық жағынан арттыру үшін қабылданды. Бағдарлама үміткерлері шет тілін меңгерудің жоғары деңгейін растауы қажет", - деді "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.
Айта кетері, 2020 жылдан бастап "Болашақ" стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдігі бар кандидаттарды қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады. Сонымен қатар В1 және одан жоғары деңгейі бар мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы ҚазТЕСТ сертификатын ұсыну талабы да қойылады.
2023 жылы "Болашақ" бағдарламасы аясында 555 стипендия бөлініп отыр. Оның ішінде 395 стипендия магистратура/резидентура, 50 – докторантура бағдарламаларына үлестірілген. Сонымен бірге тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.