"Болашақ" стипендиясына құжат қабылдау басталды

223

Құжат қабылдау 2023 жылғы 15 қыркүйекке дейін жалғасады.

"Болашақ" стипендиясына құжат қабылдау басталды Фото: google.com

Бүгін "Болашақ" бағдарламасы аясында құжаттарды қабылдаудың төртінші легі басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Конкурстық іріктеуге қатысуға өтінімдер мемлекеттік қызметтер порталы eGov арқылы онлайн түрде қабылданады.

Жалпы алғанда, 2023 жылы магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.

Биыл "Болашақ" стипендиясы үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Енді үміткерлер шет тілін меңгергенін растауы тиіс. Ағылшын тілінде оқуға түсушілер төмендегі нәтижелер бойынша IELTS, TOEFL сертификатын ұсынуы керек.

"Биыл "Болашақ" стипендиясы аясында үміткерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Енді конкурсқа шетелдік жоғары оқу орны немесе ұйымнан академиялық оқуға гранты бар үміткерлер де қатыса алады. Бұл ретте, "Болашақ" бағдарламасы тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру, ұшу, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейтін болады. Сондай-ақ, еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқарады", - деп атап өтті "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының "Болашақ" бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Үміткерлерді қолдау үшін "Инженерлік-техникалық қызметкерлер" жаңа жеңілдік санаты енгізілді. Сонымен қатар Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен медициналық қызметкерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді.

Аталған өзгертулердің арқасында қазақстандық дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер мерзімі 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу