Теміртау қаласында автоклавты қатаюдан өткен ұялы бетоннан газоблок өңдеп шығаратын зауыт іске қосылды.
Жаңа кәсіпорынды аймақ басшысы Ерлан Қошанов пен "КазГазоБлок" ЖШС акционері Болат Әбілов ашты.
"Бүгінгі күн біз үшін маңызды. Өңірдің әл-ауқатын арттыратын құрылыс материалдарын шығаратын зауыттың жұмысын іске қосамыз. Облысымызда апта сайын бір зауыттың іргетасы қаланып немесе іске қосылуда. Елбасымыздың: "Құрылыс саласы ел экономикасының қозғаушы күшіне айналуы керек деген" сөзі бар. Зауытқа 1,5 млрд теңге инвестиция салынып, 70 адам жұмыспен қамтылды. Ендігі уақытта аймағымызда құрылыс саласы жанданатын болады. Осындай игі істі бастап, туған жерге туын тігіп жатқан Болат Мұқышұлына ризашылығымыз шексіз. Жұмысына жеміс тілеймін, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Өз кезегінде "КазГазоБлок" ЖШС акционері Болат Әбілов аталмыш зауыттың ел игілігі үшін жұмыс жасайтынын айтты.
"Газоблок – қазіргі заманғы әмбебап құрылыс материалы. Бүтіндей бір ірі кешенді құрылыстың міндетін тиімді әрі сәтті шешеді. Газобетонды блоктар түрлі өлшемдегі ғимараттарды салуға қолайлы. Біздің өнім Қазақстандағы ең сапалы өнім болады. Оның ішінде Теміртаудың құмындағы кварцтың үлесі шамамен 70%. Зауыт жылына 150 мың текше метрден аса газоблок шығаруға қауқарлы,– деді.