Болат Бақауов жол апатының не себепті орын алғанын айтты

897

Кеше бас бостандығы шектелген Павлодар облысының бұрынғы әкімі жол-көлік оқиғасына түскен болатын.  

Болат Бақауов жол апатының не себепті орын алғанын айтты

Оқиға орын алған жерден түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тараған соң аймақтың бұрынғы басшысына өз уәжін айтуға тура келді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, "Lexus LX 570" көлігін жеке жүргізушісі тізгіндеген. Ал ол жолаушы ретінде қасында отырған. Бір уақытта "Lexus LX 470" көлігінің жүргізушісі бұрылатынын білдіретін шамды жақпай, бұрынғы әкім отырған көлікті басып озған. Соның салдарынан "Lexus LX 570" көлігі "ГАЗель"-ге барып соғылған.

"Жол апатына себепші болған көлік оқиға орнынан бірден кетіп қалды. Жүргізушім жолай кетіп бара жатқан басқа көлікпен соңына түспек болған, бірақ қуып жете алмады. Ал біз есікті аша алмай, әрең шықтық. Оның жанып кетуі де мүмкін еді. Абырой болғанда, барлығы дін аман", – деп түсіндірді Болат Бақауов.

Кейін белгілі болғандай, "Lexus LX 470" жүргізушісі жол біржақты болғандықтан бірден айнала алмай, Шідертіге дейін барып, оқиға орнына қайтуға мәжбүр болған. Қазіргі уақытта полиция өкілдері тексеру жұмыстарын жүргізуде.

"Менің бас бостандығым шектелгенмен, ел ішінде емін-еркін қатынай аламын. Тек алдымен өңірдегі пробация қызметіне ескертсем болғаны. Бұл ретте шектеу шеңберінен шыққан жоқпын", – дейді сотталған әкім.

Еске сала кетейік, кеше 19.00 шамасында Павлодар-Қызылорда бағытындағы жолда жол-көлік оқиғасы орын алған еді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу