Болат Жәмішев "Цеснабанктің" директорлар кеңесінің құрамына енді

1414

Сондай-ақ, Орынбаев Ербол Тұрмаханұлы қосылды.

Болат Жәмішев "Цеснабанктің" директорлар кеңесінің құрамына енді

"Цеснабанк" АҚ директорлар кеңесі құрамында жаңа тағайындаулар болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Цеснабанк" АҚ директорлар кеңесінің құрамына Жәмішев Болат Бидахметұлы мен Орынбаев Ербол Тұрмаханұлы қосылды.

Болат Жәмішевтің қаржы саласындағы басқару тәжірибесі мол. ҚР қаржы министрлігін (2007-2013 жж.), ҚР өңірлік даму министрлігін (2013 - 2014 жж.) басқарған, Қазақстан Республикасы қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрағасы (2004-2006 жж.) лауазымында қызмет атқарған, экономика ғылымдарының кандидаты, қаржы және банк саласы бойынша 40-тан астам ғылыми жарияланымның авторы. Қазіргі уақытта Болат Жәмішев – "Қазақстанның даму банкі" АҚ басқарма төрағасы – директорлар кеңесінің мүшесі.

Ербол Орынбаев –  Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құқық магистрі, Дьюк университеті жанындағы Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебінің (АҚШ) халықаралық экономикалық даму магистрі. Мемлекеттік және жеке сектордағы жұмыс тәжірибесі мол. Әр кезеңде ҚР премьер-министрінің орынбасары, ҚР президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Халықаралық қайта құру және даму банкінің басқарушы директоры лауазымдарында қызмет атқарып, ҚР Ұлттық банкі және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі басқармаларының мүшесі болған.

Бұл ретте "Цеснабанк" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу мырза аталған тағайындауларға қатысты пікір білдіріп, олардың мінсіз абырой-беделге ие екенін жеткізді.

Осылайша "Цеснабанк" АҚ басқарушы органының құрамында директорлар кеңесінің төрағасы – Шигео Катсу, директорлар кеңесінің мүшелері – Ербол Орынбаев пен Евгений Пан және тәуелсіз директорлар – Болат Жәмішев пен Дәулет Қабылбаев бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу