Бөлшек салық кәсіпті бөлшектеп бітті

466

Жаңа салық режимі — бөлшек салыққа жоспар бойынша 60 мың клиент өтуі керек еді, алайда кәсіпкерлердің тек 5%-ы ғана осындай мүмкіндікті пайдаланған. 

Бөлшек салық кәсіпті бөлшектеп бітті Фото: inbusiness.kz

Елордалық бизнес Астанадағы бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендетуді ұсынды. Осы мәселе төңірегінде кәсіпкерлер Астана қаласы мәслихатының депутаттарымен кездесуде мәлімдеме жасады, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Іс-шара Астана қаласы мәслихатының төрағасы Еран Каналимовтың қатысуымен елордалық кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті.

2023 жылы Астанада бөлшек салық мөлшерлемесі мәслихат шешімімен 3%-ға дейін төмендетілді. Бұл ретте, 2024 жылға арналған бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешімді 2024 жылғы наурыздың соңына дейін қабылдау қажет.

"Бөлшек салық мөлшерлемесінің төмендеуі шағын бизнеске салық жүктемесінің азаюына ғана емес, оның көлеңкеден шығуына қосымша серпін берер еді. Өткен жылы Қазақстан бойынша 20 өңірдің тек үшеуінде бөлшек сауда мөлшері төмендетілді. Астана қаласында — 3%-ға, Қарағанды мен Қызылорда облысында —2%-ға түсірілді. Қазір маслихаттың шешімімен оны 2%-ға дейін түсіру мүмкіндігі бар. Біз мұндай қадамға 2023 жылға дейін салықтан босатылған шағын және орта бизнес үшін ыңғайлы жағдай жасау үшін баруымыз керек, әйтпесе, көлеңкелі экономиканың аясы кеңеймек. Әсіре мобильді аударымдарға қатысты шу басталғалы көп кәсіпкерлер қолма-қол ақшаға көшкенін естіп жатырмыз. Олар қазір екіойлы болып жүр: қандай салық режиміне көшкен дұрыс? 2% ғана салық салынса, біраз кәсіп иелері заңды жолға түсері анық.

Кәсіпкерлер қазірдің өзінде кәсібін бөлшектеп жатқандарын ашық айтып жатыр, өйткені, жұмыс істеу тиімсіз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, бөлшек салыққа ауыса алатын 60 мың әлеуетті кәсіпкердің 2,7 мыңы ғана жаңа салық режиміне көшкен.  Жақында, біз арнайы талдауды аяқтадық. Статистика базасын пайдаланып, тиісті органдарға сауал да жолдадық – 364 қызмет түрі бойынша 154 мың әлеуетті кәсіпкер барын анықтадық.  Енді олардың ең болмағанда үштен бірі көшсе, оның өзі үлкен жетістік болмақ", – деп атап өтті Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев.

Осы жылдың 15 қаңтарынан бастап бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдана алатын қызмет түрлерінің тізбесі екі есеге – 190-дан 364 Қызмет түріне дейін кеңейтілді.

Кеңейтілген тізімге  спорт және демалыс, мәдениет, баспа қызметі, конференциялар мен сауда көрмелерін ұйымдастыру, коммуникациялық жабдықтарды жөндеу сияқты қызмет түрлері де енгізілді.

Бөлшек салықты заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер көрсетілген тізбеден қызметтің бір немесе бірнеше түрі қолданылған жағдайда қолдануға құқылы. Ол мынадай мөлшерлеме бойынша төленеді: жеке тұлғаларға тауар сатқан кезде 4% және заңды тұлғалармен мәмілелер үшін 8%.

Салық жүктемесін 2%-ға дейін төмендетуге қатысты Астана мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов депутаттар ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші - ред.) 190-дан 364 қызмет түріне дейін кеңейтуге қарсы емес екенін, бірақ бизнес мемлекеттің қолдауын асыра пайдаланбауы керектігін сөз етті.

"Мысалы, айналымы 2 млрд. теңгеден асатын көптеген ірі сауда орталықтары өз кәсібін бөлшектеп, біз сөз етіп отырған форматқа көшуді әдетке айналдырған. Мен бұл кәсіпорындардың атауын тізбекке тізбей-ақ қояйын, онымен салық органдары айналыса жатар. Қазірдің өзінде қитұрқы әрекетке барып отырған жетерлік екенін ескерсек және тағы мөлшерлемені 2%-ға төмендетсек, онда не болады? Жергілікті бюджет 7-8 млрд теңгеден қағылады. Содан кейін, бізді Қарағанды сынды қалалармен салыстырудың қажеті жоқ, бізде ірі-кіші болсын кәсіпкерлер саны анағұрлым көп. Сіздер бизнес мүддесін қалай ойласаңыздар, біз бюджет мәселесіне соншалықты алаңдаулымыз. Сондықтан, бір жақты шешімнен алшақ болайық", – деп түсіндірді мәслихат басшысы.

Дегенмен, кәсіпкерлер кейбір ірі бизнес өкілдерінің әрекеттерінен қарсы екенін айтып, оларды тізімнен алып тастау не бақылауды күшейту нұсқасын ұсынды. Себебі, шағын бизнес өкілдеріне 3%-дық мөлшерлеме тым ауыр салмақ түсіреді. Тек Астана бойынша сандарға қарасақ, ЭҚЖЖ бойынша 225 мың кәсіпкер бөлшек салыққа өтсе болады, бірақ 2,7 мың кәсіпкер ғана жаңа режимді белсенді қолданып келеді.

"Бұл – өте төмен пайыз, ал өткен жылы мәслихат 3%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдаған кезде біз кәсіпкерлердің аса белсенділік танытқандарын көрмедік. Яғни, адамдар бірден төмендетілген бөлшек салыққа ауысуға асық емес. Шындығында, тіпті 3%-ға дейін төмендетілген режим шағын бизнес үшін тиімсіз. Өйткені, мұнда қызметтер жеке тұлғаларға ғана емес, заңды тұлғаларға да көрсетіледі (сәйкесінше 4%, 8%). Тиісінше, салықтың орташа пайызы шамамен 6%-ды құрайды. Шындығында, жеңілдетілген бөлшек сауда салығы 3% деңгейінде емес деген сөз. Бізге, кем дегенде, үй маңындағы дүкендер, жеке тұлғаларға қызмет көрсететін шағын бизнес сияқты бизнес үшін 2%-ға дейін төмендету қажет", – деп атап өтті кәсіпкерлер.

Бұған жауап ретінде мәслихат төрағасы бөлшек салықтың арнайы салық режимін (ЭҚЖЖ) қолдана алатын қызмет түрлерінің тізбесін қайта қарап, жаңа талдау жасауды ұсынды. Мәслихат өкілі бизнестен бөлшек салықты төмендету бойынша нақты негіздемелері мен есептері бар құжаттарды жіберуді сұрады.

Атап өтетіні, мәслихаттарға бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету құқығы берілген, бірақ жеке тұлғаларға сатылатын қызметтер мен тауарлар үшін төмендету  50%-дан аспайды.

Сондай-ақ, кездесуде 2023 жылдың қорытындысы бойынша, кәсіпкерлерге қызмет көрсететін көпфункциялы орталық жұмысының нәтижелері және бизнес үшін тегін қызметтер көрсету бойынша кәсіпкерлік қоғамдастықты қамтуды екі есеге арттыру үшін елордада қосымша КҚКО ашу мүмкіндігі қаралатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу