Ақтөбеде бопсалау және тонаумен айналысқан топтың әрекетіне тосқауыл қойылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімшенің жауынгерлерінің қолдауымен қала тұрғындарына қатысты бопсалау және тонау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген маргиналды орта өкілдерінен құралған топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті.
Тергеу мәліметтері бойынша, 17 маусым күні күдіктілер ойдан шығарылған қарызды қайтару сылтауымен жәбірленушіге күш қолданып, оны несие рәсімдеуге және депозиттік шотынан ақша шешіп беруге мәжбүрлеген. Осылайша олар заңсыз жолмен 700 мың теңгені иемденіп, жәбірленушіге елеулі материалдық шығын келтірген.
Ұсталған 7 күдіктінің барлығы ішкі істер органдарына жеткізілді.
Аталған дерек бойынша бопсалау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға және дәлелдемелерді бекітуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта ұсталғандардың Ақтөбе облысының аумағында жасалған өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.