Баянауыл ауданының 34 жасар тұрғыны 16 сәуір күні кешкісін жолдасымен бірге жоғалған малын іздеуге шыққан-ды. Алайда өзі де бейхабар кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, кеше сағат 18.00 шамасында ол Бесқауға ауылынан шамамен 25 шақырым жерде, Жаңажол ауылы маңында жолдасымен бірге мал іздеп жүрген. Екеуі көлікті сол жерде тастап, тура бір сағаттан соң, яғни 19.00-де сол жерде қайта кездесуге уағдаласқан.
"Келісілген уақытта жолдасы көлік жанына келіп, әйелін біраз уақыт күткен. Одан еш хабар болмаған соң полицияға хабарласты. Келіншектің ұялы телефоны көлікте қалғандықтан, онымен байланысқа шығу мүмкін болмады", - деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта төрт топ баянауылдықты іздеумен айналысуда. Олардың қатарында Екібастұз полиция басқармасының жеке құрамы, төтенше жағдайлар өкілдері мен жергілікті тұрғындар бар. Еріктілер де оқиға орын алған аумаққа жетіп, жұртшылықпен бірге іздеуге кірісті. Алайда әзірге еш нәтиже жоқ. Жоғалған келіншектің суреті барлық аудандық, қалалық полиция бөлімдеріне жіберілді.
Айта кетейік, соңғы бірнеше күнде Павлодар облысында ауа райы құбылып тұр. Қар жауып, боран соғып, салдарынан бірнеше бағыттағы жолдар жабылды.