Борышкерлерді банкроттыққа жеткізбей оңалту көзделеді

682

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасына сәйкес, төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі арқылы азаматтардың қаржылық жағдайын оңалту көзделіп отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Борышкерлерді банкроттыққа жеткізбей оңалту көзделеді Фото: egemen.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған заң жобасының ережелерін түсіндірген Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, тұрақты табысы бар адамдарға борышты өтеуге жеңілдік қарастырылатынын айтты. Оның сөзінше, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырады.

"Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам "банкрот" деп танылмайды, ондай мәртебе алмайды. Сондықтан, оңалту процедурасы тиімді болып саналады", - дейді Ержан Біржанов.

Алайда, мұндай процедурадан өткен адамдарға 5 жылға дейін кредит алуға шектеу қойылады.

"Азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Мысалы, заңнама келесі жылы жұмыс істесе, азамат 2023 жылы банкроттық алуға жүгінсе, одан кейін тек 7 жыл өткен соң, 2030 жылы ғана жүгінуге мүмкіншілігі болады", - дейді спикер.

Банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді. Бұл тәжірибе басқа Еуропа елдерінде де қолданылады екен.

"Осы себептен, банкроттық рәсімдемес бұрын азаматтар оның салдары туралы ойлануы тиіс", - деп есептейді Ержан Біржанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу