Қазақстанда салық берешегін өндіріп алу сомасының шегі көтеріледі. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет шағын бизнесті шамадан тыс әкімшілік шаралардан қорғау шараларын жүргізіп жатыр.
"Басты өзгеріс – ден қою шаралары басталатын шектерді көтеру. Бұрын әлеуметтік аударымдар бойынша іс жүзінде шек болмаған. Осы жылы салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден немесе 6 айлық есептік көрсеткіштен өндіріліп алынған болса, онда енді салық берешегі бойынша шегі 87 мың теңгеге немесе 20 айлық есептік көрсеткішке дейін, әлеуметтік төлемдер бойынша шамамен 26 мың теңгеге немесе 6 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеріледі. Бүгінде әлеуметтік төлемдер бойынша шектің болмауы себебінен өндіріп алу шараларына тап осы микро- және шағын бизнес жиі түседі. Борышкерлердің шамамен 72%-ының 6 айлық есептік көрсеткішке дейін (2026 жылы шамамен 26 мың теңге) борыштары бар. Осының кесірінен шығыс операциялары тоқтатылады, бизнес уақыты мен ақшасын жоғалтады", – деді Қаржы министрі.
Егер берешегі:
– 87 мың теңгеге немесе 20 айлық есептік көрсеткішке дейін болса – хабарлама жіберіледі, өзге шараларсыз, тек өсімпұл ғана есептеледі;
– 87 мыңнан 195 мың теңгеге дейін немесе тиісінше 20-дан 45 айлық есептік көрсеткішке дейін болса хабарлама жіберіледі. Өтелмеген кезде борыш сомасы шегіндегі шығыс операциялары тоқтатыла тұрады;
– 195 мың теңгеден немесе 45 айлық есептік көрсеткіштен астам болса – мүлікті тізімдеу және сату, дебиторлар есебінен өндіріп алу сияқты неғұрлым қатаң шаралар қолданылады.
Шараларды қолдану тәртібі мен шектері бұйрықпен бекітілген.
Айта кету керек, бұған дейін енді кейбір кәсіпкерлер тоқсан сайын салық есебін тапсырмайтынын жазғанбыз.