Бос тұрған ғимаратты әкімдік 100 млн теңгеге сатып алды

307

Бұл ғимараттың қаңырап тұрғанына 20 жылға жуықтаған.

Бос тұрған ғимаратты әкімдік 100 млн теңгеге сатып алды Фото: Pexels

Арқалықта бос тұрған 30-ға жуық ғимарат бар. Соның біреуін жақында әкімдік жекеменшік иесінен 100 млн теңгеге сатып алды. Қаңқасы ғана қалған ғимаратты жөндеп, жабдықтау жұмыстарына оқу-ағарту министрлігінен қаржы бөлінеді.

Арқалықтың төрінде орналасқан бұл ғимараттың қаңырап тұрғанына 20 жылға жуықтаған. Есік, терезесі үңірейіп қала сәнін кетірген, әрі тұрғындар мұны көргенде өздерін көште қалғандай сезінетін. Аумағы 6 600 шаршы метр ғимаратты  әкімдік жекеменшік иесінен 100 миллион теңгеге сатып  алған. Мұны жергілікті институттың оқу корпусына айналдырмақ.

"Құжаттама дайындау үшін облыстық құрылыс басқармасының балансына берілді. Әрі қарай ол кісілер құжат дайындайды одан кейін институттың балансына беріледі. Әрі қарай институттың министрліктері өздерінің қаражаттарына қалпына келтіруі керек", – дейді  Арқалық  қаласы әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов. 

Астанада мектеп саны өскен сайын, Арқалықтағы осы білім беру ордасы студенттеріне сұраныс артыпты. Жылда бос орындар жәрмеңкесіне Елордалық мектеп басшылары лек-легімен келіп, түлектерге ұсыныс жасайтын көрінеді. 

"Оқу ғимараттарының тарлығы бізге бөгет болып тұр. Сондықтан да осы қалада бос тұрған ғимараттардан осы институтымызға лайықтап, оны кеңейтсек, онда 2,5 мың студент оқып жатса, болашақта 5 мың студентке дейін оқытуға біздің мүмкіндігіміз бар", – дейді Педагогика және филология факультетінің  деканы Айбек Қалиев. 

Жергілікті институттың инфрақұрылымын кеңейту Арқалық қаласын 2023-2027 жылдарға арналған дамыту бағдарламасына енгізілген. 

"Бұл ғимаратта айта кеткендей магистратура мамандығы, докторантураны біз осы жақта оқытсақ па деген жоспарымыз бар. Және де бұл жақта қазіргі технологиялармен жабдықталған зертханаларымыз болады деп жоспарлап отырмыз", – дейді Педагогикалық институттың аппарат басшысы Сайын Әлімұлы. 

Жалпы Арқалықта  бос тұрған үлкенді-кішілі 30-ға жуық ғимарат бар. Енді оларды да қандай да бір кәдеге жарату жолдары қарастырылып жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу