Өскеменде 30-дан астам жер телімінің иелерін анықтап жатыр. Олардың барлығы жаңадан салынып жатқан19-шы шағын ауданда орналасқан. Осы ауданға инженерлік инфрақұрылым тарту үшін бюджеттен бірнеше миллиард теңге жұмсалған. Енді көптеген жер учаскісі кәсіпкерлердің иелігінде екені анықталды. Алайда, олар 10 жылдан бері бір де бір нысан салмаған.
Жер учаскілерінің жеке меншікке қалай берілгені жайлы облыстық әкімдікте арнайы жиын өтіп, аймақ басшысы әрбір телімді сатудың заңдылығын тексеруді тапсырды. Егер заң бұзушылық анықталса, жер мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс.
Бұл аудандағы жер телімдері жеке және заңды тұлғаларға 2005-2009 жылдар аралығында берілген. Кәсіпкерлер көп қабатты үй саламыз деп уәде етіпті. Алайда, құрылыс жұмыстары тек 7 алаңда ғана басталған. Басқа бизнесмендер жерді қайта сатып жіберген.
Қалалық жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша, бүгінде 3 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалғандардың иелеріне ескерту қағаздары жіберілді.
Дәулет Сарманов, Өскемен қаласы жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
"Егер жер телімі иелері жерді игеру туралы құжаттарды, оның қаржыландырылуы мен жобалық-сметалық құжаттарды ұсынып, сол жерлерде құрылыс жүргізуге рұқсат алатын болса, бұ лмәселе шешіледі. Ең бастысы, осы жер учаскілері мақсатты пайдаланылуға тиіс".