Бос жұмыс орны болса да жұмыссыздық көп

682

Жыл басынан бері 3 айда жұмыс іздеген азаматтардың саны 450 мыңға жеткен.

Бос жұмыс орны болса да жұмыссыздық көп Фото: egemen.kz

Даниал Ахметов басқаратын Шығыс Қазақстан облысында 20 мыңға жуық азамат жұмыссыз. Бұл ресми органдарға жұмыссыз ретінде тіркелгендері. Ал тіркелмей, екі қолға бір күрек таппай жүргендері қаншама?! Елді еңбекпен қамтуға жауапты мекеме басшысы  бос жұмыс орындарының саны 3 мыңнан сәл ғана асады деді. Ендеше, өз тұрғынын толық қамтамасыз ете алмаған өңірдегілер өзге жақтан маман шақыруға неге құмар? 

Зәуре Нұрғалиеваның еңбек өтілі 30 жылдан асқан. Қаладағы ауруханаларда үзбей еңбек еткен. Соңғы жұмыс орны жедел жәрдем бөлімшесі жабылып, қасындағы алты әріптесімен бірге жұмыссыз қалған. Содан бері екі айға жуықтаған. Айлықсыз қалған ақхалатты амалы таусылып, қысылған соң, қаладағы автобекетке бардым дейді.

"Мен жұмыс іздедім. Бірақ мен өзімді қанағаттандыратын жұмыс таппадым. Жұмыс таппағандықтан Өскемен қаласында тұрған автовокзалға фелдьшер болып жұмысқа орналастым. Қазіргі менің жалақым жетпіс мың", - дейді қала тұрғына Зәуре Нұрғалиева.

Көшеде кездескен адамдардан сұрасаңыз жұмыс табу қиын екенін алға тартады. Тапқанның өзінде жалақысы өте аз. Жұмысшылар үшін көп жерде жағдай жасалмаған  деп қапаланады.

"Қазір жұмыс табу өте қиын. Мен өзім мұғалім мамандығын бітіргенмін. Қазір санитарка болып больницада істеймін. Жұмыс таппағандықтан осы жұмысқа келіп отырмын", - деді қала тұрғыны Жадыра Екібаева.

Облыстағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасындағылар ресми түрде 18 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркеліп тұрғандығын айтты. Ал бос жұмыс орындарының саны одан 6 есе аз. Өңірге әсіресе, дәрігер мен мұғалім, құрылысшы және ауыл шаруашылығы саласының мамандары ауадай қажет. Бұл орындарға арнайы білімі бар жұмысшы керек болғандықтан өзге өңірден іздеуге мәжбір екен. Сондықтан мұндағы жұмыссыздарды қайта даярлау қажет деді.

"Көбінде осы жұмыссыз ретінде тіркелген адамдардың басым пайызы ол енді қолдарында құжаттары жоқ. Мамандары жоқ. Басым бөлігін біз осы курстар арқылы қайта даярлап, үш айлық көлемінде оқытып, қолдарына сертификаттарын беріп, сосын жұмысқа орналастырамыз", - деп атап өтті Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Әльмира Мусинова.

Елімізде бос жұмыс орындары бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарды Астана, Қарағанды, Шымкент қалалары иеленген. Жыл басынан бері 3 айда жұмыс іздеген азаматтардың саны 450 мыңға жеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу