Бөтелкенің 24 мың қақпағынан жайлаудың көрінісі жасалды

1101

Павлодарлық оқушылардың еңбегі жұртшылықты тәнті етті.

Бөтелкенің 24 мың қақпағынан жайлаудың көрінісі жасалды

Соңғы 10 жыл дересінде облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен мектеп жанындағы оқу-тәжірибелік учаскелер арасында "Жасыл желек" байқауы ұйымдастырылып келеді. Соның барысында балалар мен мұғалімдердің оқу орнының аумағын абаттандыру, көріктендіру жұмыстары бағаланады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жылдағы дәстүр биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы көпшілік назарын Павлодар қаласындағы №17 мектептің ұстаздары мен шәкірттері бірлесе жасаған "Жайлау" композициясы аудартты. Балалар бөтелкелердің 24 мың қақпағы мен басқа да қалдықтарды пайдаланып, таудың етегіндегі киіз үйлердің көрінісін жасады.

Басқа мектеп өкілдері де артта қалған жоқ. Мысалы, Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылындағы мектеп жанында дәрілік шөптер мен өсімдіктер өсіріледі. Оқушылар тәжірибе жасап, оларды сынақтан өткізіп жүр. Ал Шарбақты ауылындағы Галкин мектебі жанында 90-нан астам өсімдік түрі бар. Балалар жазғы демалыс кезінде оларды күтіп-бағады.

"Жасыл желек" жобасы – тек байқау емес, балаларды экологиялық тәрбиеге баулудың бір жолы. Оқушылар сол арқылы табиғатты аялауды, қоршаған ортаны қорғауды үйренеді. Жыл сайын 30-дан аса мектеп осы байқауға қатысып, үздік тәжірибелерімен бөлісіп келеді", – дейді білім беру басқармасының өкілдері.

Оған қоса, сол арқылы оқу орындарының аумағы жайқалып, көріктей түседі.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу