Желіде Ақтау қаласы тұрғынының облыстық ауруханадағы жағдайға қатысты шағымы пайда болды. Жергілікті тұрғын медициналық мекеме пациенттерді толыққанды тамақпен қамтамасыз ете алмай отырғанын, таңғы және кешкі асқа ботқа берілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, аурухана асханасында жағдай жасалмаған. Пациенттің бәріне бірдей орындықтар жетпейтінін, бар орындықтардың дені сынғанын атап өтті. Қала тұрғыны медициналық мекемедегі жағдайды жақсарту керек деген пікірде.
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының баспасөз қызметі болған жайтқа түсінік берді.
"Аутсорсингтік мекеме аурухана пациенттерін келісімшарт негізінде бекітілген мәзір бойынша күнделікті тамақпен қамтамасыз етеді. Тамақтану мәзірі, тасымалдау, науқастарға тарату санитарлық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Орындықтарға келсек, олар жаңартылды", – делінген хабарламада.