Павлодар қаласындағы Солтүстік өндірістік аймақта орналасқан "Лакра" кәсіпорнында өрт шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
28 қараша күні сағат 22:01-де "101" нөміріне "Лакра" зауытына қарасты цехтардың бірін қызыл жалын шарпыған туралы хабар түсті.Оқиға орнына жеке құрамның 71 қызметкері мен 17 бірлік техника жетті. Сондай-ақ Павлодар мұнай-химия зауытының өрт сөндіру қызметі жұмылдырылды.
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, от жалпы аумағы 3,5 мың шаршы метр болатын цехтың 432 шаршы метріне тараған. Өрт толығымен 00:05-де сөндірілді.
"Алдын ала болжам бойынша, бояу материалдарын бір ыдыстан екінші ыдысқа құйған кезде электр қозғалтқыштың қысқа тұйықталуы болған. Қазіргі уақытта кезекші инспектор мен өрт сөндіру техникалық зертханасы оқиғаның мән-жайын анықтауда. Материалдық шығын көлемі әзірше белгісіз", – деді Павлодар қалалық ТЖ басқармасының бастығы Ренат Валишанов.
Бұл зауыт орта кәсіпкерлік нысанына жатады. Сондықтан мемлекеттік орган өкілдері бизнес нысандарын тексеруге мораторийдің жариялануына байланысты соңғы жылдары өрт қауіпсіздігі жағдайын тексермеген көрінеді.
Ажар Дәулетова