"ҚазМұнайГаз"ҰК" АҚ осы айда Ресейден 90 мың тонна дизель отынын импорттайды. Жеткізілген көлемді компания өз қажеттіктеріне және басқа ЖЖС желілеріне бөледі. Бұл туралы энергетика министрлігінде өткен жиналыста айтылды. Жиналыс біткеннен кейін министрлік ПМХЗ-ның бас директоры Шухрат Данбайдың басшылық қызметтен кеткені туралы ресми хабарланды, деп жазады abctv.kz.
Қарашада Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) сутек өндіру жабдығының бұзылуынан дизель отынын шығаруды тоқтатқалы отыр. Осылайша, қарашада ішкі нарықтағы аталған отын түріне деген тапшылық 140-150 мың тонна болмақ. "ҚазМұнайГаз"ҰК"АҚ Ресейден 90 мың тонна дизель отын импорттамақшы. Әкелінген көлемді компания өз ЖЖС-ларына және нарықтағы ірі ойыншыларға бөліп бермек. Компания басқа ЖЖС-ның желілеріне дизель отынын отандық МӨЗ-дің өткізу бағасымен пара-пар нарықтық бағамен сататын болады. Бұл қарашада дизель отынының бір литрін 155-157 теңге шамасында ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ресейден әкелінген көтерме бағамен Қазақстандағы бағаның арасындағы айырмашылықты "ҚМГ" өз қаражаты есебінен жабуға мәжбүр болады.
Еске сала кетер болсақ, бұған дейін энергетика министрі Қанат Бозымбаев ПМХЗ басшысынан зауыттың жаңғырту жұмысын 8 қарашаға дейін бітіруді талап еткен болатын. Егер осы мерзімде зауыт іске қосылмайтын болса, онда "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның мұнай тасымалдау, қайта өңдеу және маркетинг жөніндегі вице-президенті Данияр Тиесов пен ПМХЗ директоры Шухрат Данбай жұмыстан кетеді деп ескертілген еді. Энергетика министрлігінің бүгінгі жиналысында ПМХЗ директоры зауытты жаңғырту жұмысы 10 қарашаға қалғанын айтты.