Ол Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақ үйді салу ақылға қонымды деп санайды. Тіпті өзінше жоспар да құрып қойған. Біріншіден, қонақ үй шатқалдан экологиялық қауіпсіз қашықтықта салынуы қажет дейді. Ал жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, қонақ үйге дейін жаяу, ат немесе велосипедпен жеткенді жөн көреді. Сөзінше, осындай жағдайда табиғатты сақтап, өркениетті туризм мен демалыс үшін экологиялық жағдай жасауға болады. Шетелде серуендеуді ұнататын Ғабидолла Әбдірахымов Американың Гранд-Каньоны мен Сауд Арабиясындағы Аль-Ула аймағын да мысалға келтірді. Ол жақтарда ел үкіметі қонақ үйден бастап, халықаралық фестиваль өткізуге дейін даму бағдарламасын әзірлегенін айтты.