"Сапсан" жедел тобының инспекторлары Ырғыз-Торғай қорығының аумағында жүргізген кезекті жедел-рейдтік шара кезінде екі УАЗ автокөлігін ұстады. Ұсталған көлікте қорықтың 7 инспекторы болған, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Автокөлікті тінту кезінде балта, ашық-сұр түсті жүн (ақбөкендікі болуы мүмкін), қоңыр түсті дақтары бар қап табылып, ақбөкендердің өліктері, мүйізі, тегіс ұңғылы мылтық, 12 калибрдің оқтары (шолақ мылтық), пышақ және пышақ қыны тәркіленді.
Табылған айғақ заттар тергеу амалдары үшін ішкі істер органдарына тапсырылды. Бүгінгі күні аталған факті бойынша қылмыстық іс ашылды.
"Сапсан" жедел тобы ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің аумақтық бөлімдері мен ведомоствалық ұйымдарына ішкі бақылауды жүзеге асыру үшін құрылған болатын.