Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі өз азаматының қайтыс болғанын растап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атыс АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы Браун университетінде тіркелген. Оқиғадан бірінші курс студенті Мухаммадазиз Умрзаков жан тапсырған.
Ведомство елдің дипломаттары марқұмның туыстарымен байланысып, АҚШ-тың тергеу органдарымен бірге жұмыс жүргізіп жатқанын мәлім етті.
Аталған жайт Дональд Трампты да бейжай қалдырмады.
– Не деген сұмдық оқиға. Қазір қолымыздан құрбандар үшін дұға жасау ғана келеді. Бұл масқара жайт, – деді ол.
13 желтоқсан күні Браун университетінің инженерлік-физика корпусында қарулы ер адам 2 адамды атып өлтіріп, тағы 9 адамды жарақаттаған.
Көп ұзамай күдікті ретінде АҚШ әскерінде қызмет атқарған, снайперлік дайындықтан өткен 24 жастағы Висконсин штатының тұрғыны ұсталған еді. Десе де, кейінірек билік оны босатты. Себебі, жиналған дәлелдер тергеуді басқа бағытқа бұрған болуы мүмкін.