Бразилия халқы футбол аңызы Пелемен қоштасты

742

Пеле қайтыс болғаннан кейін елде үш күндік аза тұту жарияланып, дүйсенбіде қоштасу рәсімі өтті.  

Бразилия халқы футбол аңызы Пелемен қоштасты Фото: sports.ru

Атақты футболшымен қоштасу рәсімі туған жерінде, "Сантос" стадионында жақындары мен жанкүйерлерінің қатысуымен өтті, деп жазады Inbusiness.kz sports.ru сайтына сілтеме жасап.

Алдымен Пеленің денесі ауруханадан "Сантос" стадионына жеткізілді. Пеле жатқан табытты оның ұлы Эдиньо көпшілік алдына шығарды. Футбол алаңы гүл шоқтары, баннерлермен безендірілген.

Қоштасу рәсіміне футболшының жұбайы Марсия Аоки мен биыл 100 жасқа толған анасы қатысты.

Пелені ақтық сапарға шығарып салғандар арасында ФИФА президенті Джанни Инфантино, Бразилия футбол конфедерациясы президенті Эдналдо Родригес болды.

"Қазір мен біртүрлі сезімдемін. Бір жағынан қайғыға батып, екінші жағынан өзімді жақсы көңіл-күйде ұстағым келеді, өйткені Пеле бізге бақыт сыйлаған, қуанышымыздың себепшісі болған адам. Футбол патшасының есімі мәңгі жүрегімізде және оны соңғы сапарға шығарып салудан бұрын бір минуттық үнсіздік жариялаймын.

Сондай-ақ, аңызға тағзым ретінде барлық елдерде Пеле атымен аталатын ең болмағанда бір стадион ашуды сұраймыз. Өскелең ұрпақ мұндай аңыз адамды білуі тиіс", – деді Инфантино.

"Пеле өзі қалағандай халқымен кіндік қаны тамған туған жерінде "Вила Белмирода" қоштасты", – делінген "Сантос" стадионының ресми әлеуметтік желілерінде.

Пеленің жанкүйерлері түннен бастап кезекке тұрып, футбол патшасымен қоштасты. Рәсім басталардан бірнеше сағат бұрын стадионның айналасы адамға лық толы болды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу