Бразилияда өзін қатыгез ата-анасынан қашып шыққан 12 жастағы қыз ретінде таныстырып, бірнеше ай бойы бір отбасын алдап келген 37 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Daily Mail басылымының мәліметінше, күдікті "Габриэль" деген жалған есімді пайдаланып, өзін үйдегі зорлық-зомбылықтан қашқан жасөспірім ретінде көрсеткен. Осылайша ол жергілікті отбасының сеніміне кіріп, олардың үйінде тұрған.
Тергеу барысында әйелдің баланың образын мұқият қалыптастырғаны анықталды. Ол балаларға арналған бөтелке мен емізік қолданып, жұмсақ ойыншықпен ұйықтаған. Сондай-ақ жіңішке дауыспен сөйлеп, өзін айналасындағыларға тәуелді етіп көрсетуге тырысқан.
Түнде ол өзіне аяушылық тудырып, назар аударту үшін үрейлену ұстамаларын (паникалық атака) қолдан жасап отырған. Ерлі-зайыптылар оның оқиғасына сенгені соншалық, тіпті оның 12 жасқа толған туған күнін ұйымдастырып берген. Семіздікке қарсы дәрі-дәрмектерін төлеген, тіпті оны ресми түрде асырап алу мүмкіндігін де қарастырған, – деп атап өтті детективтер.
Алайда әйел заңды асырап алу рәсімдері туралы сөз қозғалған сайын тақырыптан жалтарып, жеке басын растайтын ешқандай құжат ұсынбаған. Бұған қоса, ол өзін паналатқан отбасын "қатыгез әкесі тауып алады" деген сылтаумен мектепке жібермеуге көндірген.
Алаяқтық әрекет ерлі-зайыптылардың туыстарының бірі полицияға күмәнді жағдай туралы хабарлағаннан кейін әшкере болды.
Тергеу барысында қызметкерлер күдіктінің кім екенін анықтап, оны 2026 жылдың 2 маусымында Жуанвиледегі Пирабейраба ауданында қолға түсірді. Жауап алу кезінде әйел өз кінәсін мойындады, – делінген басылым жарияланымында.
Қазіргі уақытта әйелге алаяқтық және жеке мәліметтерді қолдан жасау баптары бойынша айып тағылып отыр. Ол тергеу изоляторына қамалды.