Оңтүстік Кореяның Hanbit-Nano атты алғашқы коммерциялық зымыраны апатқа ұшырады. Оқиға Бразилиядағы Алкантара ғарыш айлағында болған. Бұл туралы Yonhap агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақпаратқа сәйкес, зымыран 22 желтоқсан күні сағат 22:13-те Алкантара ғарыш айлағынан ұшырылған. Арада 30 секунд өткен соң апатқа ұшырады. Зымыран қауіпсіз аймақта құлағаны хабарланды. Қаза тапқандар немесе бүлінген нысандар туралы ақпарат жоқ.
Бастапқыда зымыранның ұшырылғанын YouTube арқылы көруге болады деген жоспар болған. Алайда кейін тікелей эфир тоқтатылды.
Yonhap мәліметінше, бұған дейін зымыранның ұшырылуы үш рет кейінге шегерілген. Сәтті ұшырылған жағдайда Innospace компаниясы спутникті орбитаға шығарған алғашқы жекеменшік оңтүстіккореялық компания болар еді.
Hanbit-Nano зымыранының бортында 5 спутник болған.