"Қара алтын" бағасы осы аптада біршама тұрақталды. Әуелде бұған АҚШ-тың мұнай қорының өсуі ықпал еткенімен, кейін қаржы-несиелік саясатты жеңілдету туралы ақпарат шикізат нарығына оң әсерін берді.
Инвесторлар сұранысты жандандыруға қауқары бар орталық банктерге үміт артып отыр. Олар Джером Пауэллдің пайыздық мөлшерлемелерге қатысты сөз сөйлеуін күтуде.
Bloomberg агенттігінің соңғы дерегі бойынша, Лондондағы ICE Futures биржасында 2019 жылдың қазанындағы жеткізіліммен Brent сұрыпты мұнай фьючерсі 13 центке қымбаттап, баррелі 60,43 доллар болды. Ал Лондон және Нью-Йорк биржаларында қыркүйектегі жеткізіліммен, электрондық сауда барысында WTI маркалы жеңіл мұнай фьючерстері 22 центке көтеріліп, барреліне 55,90 долларды құрады.
Мұнай бағасының осы аптада маусым айынан бергі өсіміне Сауд Арабиясындағы кен орнына дрондардың шабуыл жасауы мен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда тартысының бәсеңдеуі себеп болып отыр.
Айта кету керек, өткен аптада АҚШ-тың мұнай қоры 2,7 млн баррельге қысқарған болатын. Құрама Штаттардың энергетикалық ақпарат басқармасы өкілдері бұл соңғы аптадағы алғашқы құлдырау дейді.
Табиғат Нұрболат