Нарықтағы жағдайдың оңалуына АҚШ-тың бірқатар қытайлық тауарға 10 пайыздық салық салуды кейінге қалдыруы да түрткі болып отыр. Сонымен қатар кос тараптың екі аптадан кейін келіссөз өткізуі мұнай бағасының өсуіне біраз септігін тигізді.
Bloomberg агенттігінің соңғы дерегі бойынша, Лондондағы ICE Futures биржасында 2019 жылдың қазанындағы жеткізіліммен Brent сұрыпты мұнай фьючерсі 2.73 пайызға қымбаттап, баррелі 61,30 доллар болды. Ал Лондон және Нью-Йорк биржаларында қыркүйектегі жеткізіліммен, электрондық сауда барысында WTI маркалы жеңіл мұнай фьючерстері 2,17 пайызға көтеріліп, барреліне 57,10 долларды құрады.
АҚШ президенті Дональд Трамп бірқатар қытайлық тауарларға 10 пайыздық салық салуды 15 желтоқсанға дейін шегерген болатын. Сондай-ақ қара алтын бағасының қымбаттауына Құрама Штаттардың мұнай тасымалын қысқартуы да әсер етіп отыр. Ресми дерек бойынша, өткен аптада мұнай қоры шамамен 2,5 миллион баррельге қысқарған.
Табиғат Нұрболат