Британдық екі ақынға II дәрежелі "Достық" ордені табыс етілді

675

Атақты британдық ақындар Шон О’Брайен мен Джон Бернсайд II дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Британдық екі ақынға II дәрежелі "Достық" ордені табыс етілді

Марапат Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, философ және ағартушысы Абай Құнанбайұлының мұрасын халықаралық аренада ілгерілетуге сіңірген еңбегі үшін берілді.

Екі ақын Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі алғашқы толық жинағын Кембридж университеті баспасында дайындап, басу жобасына тікелей қатысты. "Ұлттық аударма бюросы" ҚҚ-мен (ҰАБ) серіктестікте жүзеге асырылған жоба шеңберінде атақты британдық ақын профессор Ш.О’Брайен Абай поэзиясының аудармасын дайындады, ал қара сөздерді тәржімалау міндеті белгілі шотланд жазушысы және ақыны профессор Дж.Бернсайдқа жүктелді. Ағылшын тіліндегі басылым – аты аңызға айналған қазақ ақынының шығармаларын әлемнің он тілінде жариялау жөніндегі ҰАБ-ның ауқымды жобасының бір бөлігі.

Ордендерді табыстау рәсімінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылында жоғары наградаларды тапсырудың символдық мәні бар екенін атап өтті. Ол сондай-ақ профессорлар Дж.Бернсайд пен Ш.О’Брайенның жаһандық ағылшынтілді аудитория арасында ұлы Абайдың мұрасын танымал етуге және екі ел мәдениеттерін өзара жақындастыру ісіне қосқан зор үлестерін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу