Британдық Wellington тобы Қазақстандағы Haileybury мектептерінің серіктесі болады

251

2027 жылдан бастап Haileybury Almaty мен Haileybury Astana Wellington Almaty және Wellington Astana атауларымен жұмыс істейді.  

Британдық Wellington тобы Қазақстандағы Haileybury мектептерінің серіктесі болады Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі Telegram

Қазақстандағы Haileybury мектептері халықаралық білім беру саласындағы жаңа кезеңге қадам басады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2027 жылдан бастап Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептері Wellington International Schools халықаралық білім беру тобының құрамына еніп, Wellington Almaty және Wellington Astana атауларымен жұмысын жалғастырады.

1853 жылы негізі қаланған Wellington International Schools әлемнің әртүрлі елдеріндегі мектептерді біріктіретін жетекші британдық білім беру топтарының бірі саналады.

Тараптардың серіктестігі халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, педагогтер арасында тәжірибе алмасуға, заманауи оқыту әдістерін енгізуге және бірлескен академиялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мамандардың пікірінше, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект білім беру жүйесіне қарқынды енгізіліп жатқан кезеңде Wellington тобының халықаралық тәжірибесі мұғалімдердің кәсіби дамуына және оқытудың заманауи тәсілдерін таратуға ықпал етуі мүмкін.

Серіктестік аясында оқушылардың әл-ауқатын арттыруға, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға және балалардың жан-жақты дамуына ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар дарынды балаларды қолдауға арналған гранттық бағдарлама сақталады. Бағдарлама аясында жыл сайын 25 оқушыға дейін оқу ақысының 90-100 пайызын қамтитын гранттар беріледі. Бұл бастама отбасының материалдық жағдайына қарамастан сапалы білім алуға мүмкіндік жасауға бағытталған.

Білім беру ұйымдары коммерциялық емес жоба мәртебесін сақтап қалады. Мектептердің қаржысы білім беру инфрақұрылымын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және оқушылар үшін қолайлы оқу жағдайларын жасауға жұмсалмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу