Британияда коронавирусқа қарсы вакцинация егу келесі аптада басталмақ. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок мәлім етті. 2 желтоқсанда үкімет Pfizer мен BioNTech фармацевтикалық компанияларының препараттарын Британияда қолдануға рұқсат бергенін жариялады.
"Медициналық өнімдер мен дәрі-дәрмектерді бақылау агенттігі Pfizer мен BioNTech жасаған вакциналарды мақұлдады. Ұлттық денсаулық сақтау қызметі келесі аптада екпе егуді бастауға дайын", – деді министр.
Хэнкоктың айтуынша, алдымен ауруға шалдығу ықтималдылығы жоғары тұрғындар препаратқа қол жеткізеді. Нақты кімдерге вакцина егілетінін алдағы уақытта ведомство өкілдері хабарлайды.
Қараша айында Германияның BioNTech компаниясы мен Pfizer деп аталатын америкалық фармацевтикалық компания жасаған вакциналарының сынағы сәтті өтіп, тиімділігі 95% болады деп жариялаған еді.
Табиғат Нұрболат