Британиялық British Airways әуе компаниясы бір жылға дейін Қытай астанасына ұшуды тоқтатады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Интерфакс"-қа сілтеме жасап.
Компания өз шешімін Ресейдің жабық әуе кеңістігі оның жұмысын қиындатып, шығындарды ұлғайтатынымен байланыстырып отыр. British Airways бұл бағыттағы рейстерге деген сұраныс азайғанын атап өтті.
Heathrow әуежайынан Бейжіңге ұшатын рейстер 2024 жылдың 26 қазанынан бастап 2025 жылдың қарашасына дейін тоқтатылады. Өз кезегінде британиялық әуе компания Шанхай мен Гонконгқа ұшуды жалғастырады.
Осыған дейін тағы бір британиялық Virgin Atlantic Airways Ltd. әуе компаниясы 25 қазаннан бастап Лондоннан Шанхайға баратын рейстердің тоқтатылатынын жариялады.