Америкалық әнші Бритни Спирстің әкесі қызына заң жүзінде көрсетілетін қамқорлықтан (13 жылға созылған) бас тартпақ, деп хабарлайды Inbusiness.kz TMZ сайтына сілтеме жасап.
Джейми халық алдында өз қызымен соттасу оның мүддесіне сәйкес келмейтінін мәлім етті. Спирс сотпен және қызының адвокатымен жаңа қамқоршыға қамқорлық көрсету құқығын тапсыру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Әншінің әкесі Бритниді ешқашан сахнада өнер көрсетуге мәжбүрлемегенін айтып отыр.
Бритни Спирс – әлемдегі ең танымал әншілердің бірі. Ол АҚШ-та концерттері мен таспалары ең көп сатылатын әнші ретінде танылды. Спирс шоу-бизнестегі ең бай әйел адамдар арасында 12-ші орынға ие болды.
Бұрын алкоголь және есірткімен әуестенген әншінің психикалық денсаулығы 2007 жылы күйеуі Кевин Федерлайннен ажырасқаннан кейін нашарлап кетті. Спирс пен Федерлайн 2004 жылғы қазаннан 2007 жылғы шілдеге дейін заңды некеде болды. Олардың екі ұлы бар.
Джеймс Спирс пен адвокат Эндрю Уоллет 2008 жылы заңды түрде Бритни Спирске уақытша қамқорлық көрсету құқығына ие болды.Содан кейін қамқорлық көрсету мерзімі белгісіз уақытқа дейін ұзартылды. 2019 жылы Бритнидің әкесі оның жалғыз қамқоршысы атанды.
Табиғат Нұрболат